БАЛАБАҚШАДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ОЙЫНДАРДЫҢ ТӘРБИЕЛІК МӘНІ
ДӘУРЕНБЕКОВА АЙЗАДА ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ
Қызылорда қаласы «Ұмай» мектепке дейінгі
балаларды тәрбиелеу және сауықтыру
қайырымдылық» үйі балабақшасының
тәрбиешісі
Балалы үй базар
Халық даналығы
Дана халқымыздың ұрпақ ертеңіне терең үңіліп, өз құндылығын жоймаған тағылымды ойлары, ғибрат сөздері бүгінгі қоғамда да маңызын жойған емес. Зер салып көрейікші. «Бала тәрбиесі бесіктен», «Ел болам десең, бесігіңді түзе», «Баланы жан тәніңмен сүймей, бала мен жұмыс жасау – ескексіз қайықпен су бетінде әрлі – берлі толқынмен бірге, бақытсыз ырғу». Бұлар балаға деген сүйіспеншіліктен туған ой түйіні.Сәби дүниеге іңгәлап келгеннен кейін, өз отбасымен, өз елімен қауышып, бесіктен түлейді емес пе ? Бір жасқа толып, аяғын апыл – тапыл басқан сәттен кейін, өзінің құтты жеке бесігінен «Балабақша» деп аталатын үлкен тәрбие мекеніне аяқ басады.
Мектепке дейінгі шақ – бала өміріндегі ең маңызды кезең. Осы кезде баланың бойында байқалатын табиғи қабілет, дарындылық жан – жақты дамиды. Осы шақта балалармен дамытушылық іс – әрекеттер өз дәрежесінде пәрменді жүргізілсе, нәтиже табысты болады. Тәрбиелі, білімді ұрпақ балабақшадан мектепке дайын шәкірт болып барары сөзсіз. Бұл тұрғыда балабақшада қызмет ететін педагогикалық ұжымға, ұстазға жүктелер міндет қомақты. Ұстаз – киелі мамандық. Ол ел ертеңін, болашақ иесін тәрбиелейді. Ал тәрбиеші сегіз қырлы, бір сырлы бүкіл бітім болмысы биік, сан алуан өнерді меңгерген тұлға. Баланы тәрбиелеу, өмір сүруге икемдеу мен ұлттық құндылықтарды бойына сіңірудегі өрелі жұмыстың бірі – ұлттық ойындар.
Денсаулық басты құндылықтар. Бабаларымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Сондықтан да балабақшадағы бүлдіршіндердің денсаулығына көңіл бөлуде ұлттық ойындардың орны ерекше.
Ойын – еркіндік алаңы. Оның еш жерде жазылған заңдылығы жоқ.Ойынды тапсырыс бойынша ойнауға болмайды, ол адамның тек еркімен іске асады. Былайша қарағанда, жай ғана қимыл – қозғалысқа құрылған нәрсе болып көрінгенімен көптеген жетістікке қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сөз зергері М.О. Әуезов: «Қазақ халқының ұзақ ғасырлық тарихында көптеген қызықты ойын – сауықтар болды. Ойын – бұл тек қуанышты іс – шара ғана емес, сонымен қатар балаларға қуаныш рахатын сыйлайтын дүние» деген еді.
Жан – жақты дамыған кейбір кішкентай балалардың өзі көпшілікті таңқалдыратын қасиеттерге ие екендігі бөбек кезінен – ақ байқалады. Себебі бала бойындағы асыл қасиеттердің өзі сол халықтың терең тарихымен, мәдениеті және салт – санасымен астасып жататындығы жасырын емес. Сондықтан да соңғы кезде еліміздегі білім беру жүйесінде этникалық білім мен тәрбиенің басым бағыттарын ұстану бірінші кезекке қойылып келеді. Бұл тұрғыда ұлттық ойындарымыз ерекше маңызға ие. Қазіргі балалардың көпшілік уақыты өтететін балабақшаларда сол ойындарды ойнатудың тәрбиелік мәні бар дер едім.
Ойындар балабақша балаларының психикалық дамуына оң әсер етеді. Осылайша бала әлем туралы , өз көкжиегін кеңейтеді, өз халқының дәстүрлері мен әдет – ғұрыптары туралы көбірек біледі. Олар ойын ойнай жүріп, ойланады, өздерін жан – жақты тәрбиелейді: компьютер, смартфон немесе теледидарсыз – ақ уақытты қалай көңілді өткізуге болатынын сезетін болады.
Мән беретін нәрсе, қазақтың балалары көшпелі елдің мұрагерлері, сондықтан оларға өз табиғатына жақынырақ ойындар ойнатқан абзал. Сонда ғана балалар төзімділік, икемділік, дәлдік, жауаптылықты сезінеді. Сонымен қатар шешендік қанымызға сіңген қасиетіміз болғандықтан сөзшең, қара қылды қақ жарар әділ болуға тәрбиелейтін ойындардың да бүлдіршіндерге берері мол. Біздің бүгінгі қозғайтын әңгімеміз, мысалға алғалы отырған ойындарымыздың түрі осындай қасиеттерді дамытуға бағытталған.
Қазақша сөйлеудің шынайы мектебін қалыптастыру үшін ойналатын ойындар балабақша балалары үшін ғана емес, мектептегі балаларды сергіту сәтіне де таптырмас дүние. Бұл ойындарда балалар өз ойын ашық жеткізе отырып, батылдыққа бойларын үйретеді. Диалогқа қатысушылар бір – бірін қимылдар, бет әлпет ишаралары арқылы түсінеді. «Ақтерек», «Айтыс», «Қаламақ», «Тез айту» және тағы басқа қазақтың ұлттық ойындары - айтылғандардың ішіндегі ең таңғажайыптары.
Бүгінде білім аудай қажет. Көптеген ата – аналар балаларының далада, таза ауада көп ойын ойнағаннан гөрі түрлі оқу орталықтарына барып білім алғандарын қалайды. Әйтседе баланы шектен тыс оқумен жүктеу оның санасымен балалық сезіміне көлеңке түсіретіндігінде ұмытпаған жөн. Бала ойын арқылы ғана шын қуанышқа бөленіп, шын ренжиде алатынын естен шығармауымыз керек. Енді ойындарға кезек берейік «Қаршыға мен қарлығаш» ойын мақсаты; Балаларды ойын шартын бұзбай ойнауға, шапшаңдыққа, еске сақтау қабілетін арттыруға баулу. Ойыншылар екі топқа бөлініп, екі бағытқа қарап, екі қатарға тұрады. Бұлардың бір қатары «Қаршығалар» да, екінші қатарындағылар «Қарлығаштар» болады. Бір ойыншыны басқарушы етіп сайлайды. Басқарушы екі саптың арасымен ерсілі – қарсылы жүріп дауыстайды. Алдымен «қар...» дейді де, содан кейін қалауынша «шығалар» немес «лығаштар» деп қосады. Сол кезде бастаушы атын атаған топтағылар бытырай қаша жөнеледі де, аты аталмаған топ оларды қуалайды. Олардың міндеті – қашқан топтағылардың біреуін ұстап алу. Ұсталған ойыншы сол топқа өтеді. Қайсы топ қарсы топтың ойыншысын көп қосып алса, сол топ жеңеді.
«Ақсүйек» ойын мақсаты: балаларды қырағылыққа, дәлдікке үйрету. Ойын шарты; ойынға қатысушы балалар бір қатарға тұрады. Тәрбиеші ақсүйекті қолына алып, балалардың ту сыртына шығады да алысқа лақтырады. Балалар ақсүйектің лақтырылған бағытын көрмеуі керек. Ақсүйек жерге түскеннен кейін тәрбиеші; ал ақсүйекті іздеңдер, кім тез табар екен? дейді. Ойынның шарты бойынша ақ сүйекті тауып алған бала басқаларына білдірмей, тәрбиешіге тез әкеп беруі керек. Егер балалардың бірі байқап қалса, ақсүйекті тауып алған баланы қуып жетіп, денесіне қолын тигізуі шарт. Сонда ақсүйек өзіне беріледі. Сөйтіп, ақсүйекті ешкімге жеткізбей, тәрбиешіге табыс еткен бала жеңімпаз атанады.
«Айгөлек» ойын мақсаты; балаларды шапшаңдыққа, ептілікке тәрбиелеу. Үйлесімді қимыл – әрекеттерін, жылдамдық қасиеттерін жетілдіру. Ойын барысы; балалар теңдей екі топқа бөлінеді. Аралары 20-30 қадымдай аралықта бір – бірлеріне қарама – қарсы қарап қол ұстасып тұрады. Бірінші топ; «Айөлек – ау, айгөлек, Айдың жүзі дөңгелек, Ақтерекпен көктерек, Шауып алдым бәйтерек. Ақтерек пен көктерек, Бізден сізге кім керек?» деп хормен сұрайды. Екінші топ; «Айгөлек – ау, айгөлек Айдың жүзі дөңгелек. Ақ терек пен көк терек. Шауып алдым бәйтерек. Ақтерек, көктерек. Анау тұрған ... (бір баланың аты аталады) керек!» - деп хормен жауап береді. Аты аталған бала жүгірген күйі барып, қарсы топтың ұстап тұрған қолдарын үзіп өтуі керек. Егер үзіп өтсе, сол балалардың бірін өзімен бірге алып қайтады, үзе алмаса, өзі сол топта қалады. Ойынның соңында қай топтың балалары көп болса, осы топ жеңімпаз болып есептеледі.
«Теңге алу» ойын мақсаты; балалардың ойынды өз мәнінде өрбіте білуі, жылдамдыққа баулу. Ойын құралдары; теңге, ағаш ат. Ойын шарты; екі топ ойыншыларының әрқайсысы жеке – жеке шыбықты ат етіп мінеді. Ойынды бастаушы жүргізеді. Ойын басталатын жерге сызық сызылады. Одан әрі 20-30 метрдей жерден тереңдігі 1 қарыстай екі шұңқыр қазылады. Әр шұңқырға он – оннан тас салынады. Екі топтан екі сайыскер шығады да сызыққа келіп қатарласып тұрады. Бастаушының белгісі бойынша, шыбық аттарын мініп шаба жөнеледі. Сол беттері мен әлгі шұңқырға жетіп, қол сұғып жібереді де тасты іліп алып, әрі қарай кетеді. Шұңқыр тұсында бүгілуге болмайды. Ұпай әр сайыскердің іліп алған тастарының санына қарай есептеледі. Қай топ көп ұпай жинаса, сол топ жеңеді.
« Аударыспақ» балалардың ептілігін, күшін, жылдамдығын байқау. Ойын көгалда, кең жерде өтеді. Ойыншылар санына шек қойылмайды. Үлкен шеңбер сызылады, ортаға екі ойыншы шығады. Егер бір аяқпен секіріп жүріп, екі ойыншының біреуі екінші аяғын жерге тигізбестен, қарсыласын шеңберден итеріп шығарса – жеңгені. Аяғын жерге тигізіп алса – жеңілгені. Ойын жалғаса береді.
«Тауқырайдан» ойын мақсаты; балалардың ұлттық ойынға деген қызығушылығын ояту. Аңғарымпаздыққа баулу. Ойын құралдары – тақия. Ойын шарты; ойнаушылар бірінің қолы бірінің басына жетерліктей мөлшерде дөңгеленіп отырады. Ойын бастаушыдан басқаның бәрі жалаң бас болуы керек. Ойын бастаушы; «Тауқырайдан – Тауқырайдан» деп қайталап айта береді де, өз басындағы тақияны оң жағындағы көршісінің басына кигізе қояды. Көршісі де сол сөзді қайталап, оң жақтағы көршісіне кигізеді. Осылай жалғасып кете береді. Бір мезетте ойын бастаушы көзін жұмып отырады да; «Тау – тау» деп басын өз қолымен баса қояды. Тақия кімнің басында қалса, соған айып салынады. Айып иесі ән, тақпақ айтады не би билейді.
Балабақшадағы бүлдіршіндердің ойындары әдетте зиянсыз болады. Олар үлкендер сияқты жанжалдаспайды. Ойын ойнаған жерде қалады. Ойын ойнап болған бала бәрін ұмытып, шарашап тәтті ұйқыға кетеді. Тұра салысымен тамағын ішіп, үйге қайтуға, ертемен балабақшаға келуге ғана асығады. Олар үлкендеу балаларға қарағанда әлсіз әрі барлық нәрсеге сенгіш.Сондықтан да олар мен ойын ойнауда тәрбиешілер мен күтушілердің өзін рахатқа бөлейді. Осындай екі жақты қарым – қатынас арқасында ғана балабақшаның жұмысы жанданып, өз дәрежесінде бала тәрбиесі жақсы жағына қарай бетбұрыс жасайды деп айтуға негіз бар.
Бала жүрегіне жол табудың тетіктерінің бірі – ойындар арқылыда баланы тәрбиелеп, мейірімге бөлеуге болатындығына көзіміз жетті. Ендеше ойын арқылы да бала жүрегіндегі ең жақсы қасиеттердің дамуына оң ықпалда жасай аламыз.