"Сөз Маржан" Collaboration Fest. Абай - ұлттың рухы. Қалдыбекқызы Кəусар

50

Абай -ұлттың Рухы

                                                                                 Абайым, сыйым, пірімсің!

                                                                                 Айтылмас жанның сырысың,

                                                                                 Бітпейтін дастан жырысың, 

                                                                                 Қаншама ғасыр өтсе де,

                                                                                Абайым, мәңгі тірісің!

                                                                                                        Ш.Құсайынұлы

Уақыт керуені тоқтаусыз өтіп жатыр. Бір ғасырдан соң екінші ғасыр сарқылмас қазыналарын кейінгі ұрпақ еншісіне қалдырып, тарих төрінен орын алды. Дегенмен, уақыт керуені тоқтаусыз, ол - мәңгілік. Сол секілді ұрпақ жасарып, заман өзгерсе де, өзгермейтін, өшпейтін, ұлтпен бірге жасайтын мәңгілік дүние бар. Ол – ұлы Абай мұрасы. Иә, қазақ ұлты барда Абай есімі әрдайым  - мәңгілік, ақынның сөзі  - мәңгілік!

         Ұлы ақынның  қаламынан туған қай шығармасы болсын, қазақтың өткеніне көз жүгіртіп, бүгінгіден сабақ алып, болашағын бағдарлауға жетелейтін шамшырақ секілді. Абай өз заманының қараңғылығына өзінің поэзиясы арқылы шырақ болып жағылып, нұрын шашты. 

Абай лирикасы алуан сырлы, мазмұнға бай, адам жанын тебірентерлік нәзік. «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ» деген Абай, расында, халқына өнер-білімді, ғылымды насихаттауды өзіне мақсат етті. Дәулеттің ең асылы – білім деп білген дана ақын жастарды ғылымды меңгеруге шақырды.

Керек іс бозбалаға – талаптылық,

Әр түрлі өнер, мінез, жақсы қылық,- 

деп «жігітке жеті өнер де аз» деген халық нақылын еске салса, 

Ғалым болмай немене, 

Балалықты қисаңыз!

Болмасаң да ұқсап бақ,

Бір ғалымды көрсеңіз.

«Ондай болмақ қайда?» -   деп,

Айтпа ғылым сүйсеңіз, - 

деп дүниенің кілті – білім-ғылымды игеруде екенін меңзейді. Сонымен қатар ғылым игеру жолында «бес нәрседен қашық болып, бес нәрсеге асық болуға» шақырып, жастарға өсиет қалдырады.

Ұлы ақынның айтылған осы ізгі ойлары бүгінгі күні де өзекті. Себебі біздің ғасырымыз – техника мен технологиялардың, инновациялардың ғасыры. Ал техника тілін меңгеру үшін, білімді үйреніп, ғылымды игеру әбден қажет.

Отыз екінші сөзінде ақын: «Білім-ғылымды үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек»,- дейді де алты түрлі шартты атап өтеді. 

...Екіншісі, ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек... Алтыншы, ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты бар. Сол мінез бұзылмасын!- дейді. Осы бір дана ойлары ұлы ақынның өлеңдеріндегі адамгершілік идеясымен ұштасатындай. Білім-ғылымды да «бақасқа» бола үйренбей, адамдық мақсаттар үшін, адамзаттың игілігі үшін үйрен деп насихаттап тұр емес пе?! 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «...Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді.

Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет», - деген өнегелі сөзі ақынның мұрасының кейінгі жастар үшін асыл мұра екендігін аңғартады.

         Санамызды жаңғыртып, өткенімізді бағалап, болашаққа бағдар жасау үшін Абай мұрасынан сусындауымыз қажет. Абай мұрасы – ұлттың Рухы, айбыны екені ақиқат. Мен үшін ұлы ақынның өсиеті мен өнегесі - Рухани жаңғыру.

                                                                               Қалдыбекқызы Кәусар

                                                            Қызылорда облысы Шиелі ауданы 

                                              №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясының оқушысы